Мемлекеттік тілдің экономикалық салмағы: Қазақша қаржы контентіне сұраныс неге өсті?
Соңғы жылдары сауалнамаларға қазақ тілінде жауап берушілердің үлесі шамамен үштен бірге өскен.

Қазақстандықтардың қаржылық ақпаратқа деген сұранысы мен талғамы өзгеріп жатыр. Ұлттық Банктің қаржы саласындағы коммуникациялар мен ашықтыққа арналған жаңа зерттеуі қоғамдағы елеулі өзгерістерді, сондай-ақ қаржылық сауаттылыққа қатысты өзекті мәселелерді көрсетті.
Зерттеу барысында анықталған басты трендтердің бірі – қазақ тіліндегі ақпаратқа деген сұраныстың айтарлықтай артуы. Соңғы жылдары сауалнамаларға қазақ тілінде жауап берушілердің үлесі шамамен үштен бірге өскен. Сарапшылар мұны жай ғана статистикалық өсім емес, мемлекеттік тілдің қоғамдық және экономикалық коммуникациялардағы маңызының арта түскенін дәлелдейтін институционалдық өзгеріс деп бағалап отыр.
Қаржы секторындағы ақпарат беру сапасы да біртіндеп жақсарып келеді. Респонденттердің 56,8%-ы (бұрын бұл көрсеткіш 46,9% болған) Ұлттық Банктің базалық мөлшерлеме бойынша шешімдерін түсіндіруін «ашық әрі теңгерімді» деп бағалаған. Оған қоса, Ұлттық Банктің ресми сайты негізгі және сенімді ақпарат көзі ретінде өз позициясын күшейтті: оны тұрақты пайдаланатын аудитория үлесі 44,2%-дан 76,8%-ға дейін күрт артқан.
Оң тенденцияларға қарамастан, зерттеу қоғамдағы қаржылық сауаттылыққа қатысты үлкен олқылықтарды да ашып көрсетті. Мәселен, сауалнамаға қатысқандардың 64%-ы «Ұлттық Банк халыққа тікелей несие береді» деген қате пікірде. Бұл елде қаржы жүйесінің қарапайым функциялары туралы түсіндіру жұмыстарының әлі де жетіспейтінін білдіреді. Сонымен қатар, респонденттердің 53,9%-ы қаржы тақырыптарын түсінуге дәл осы қаржылық білімнің таяздығы кедергі екенін мойындаған. Ал 59%-ы экономикалық жаңалықтар мен терминдерді барынша қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізуді талап етіп отыр.
Осы мәліметтерге сүйене отырып, зерттеу авторлары алдағы уақытта үш негізгі бағытқа басымдық беру қажеттігін атап өтті. Біріншіден, қаржы институттары тек құрғақ ақпарат беріп қоймай, күрделі экономикалық шешімдердің мәнін халыққа ұғынықты форматта жеткізуге назар аударуы тиіс. Екіншіден, сұраныстың тұрақты өсуіне байланысты мемлекеттік тілдегі сапалы қаржылық ақпараттың көлемін арттыру міндеті тұр. Үшіншіден, халықтың экономикалық саясатты түсіну деңгейін көтеру және қаржылық білімін жетілдіру басты назарда қала бермек.











